Қазақстан экономикасы 6,4%-ға өсті — Үкімет

Үкімет отырысында 2025 жылдың қаңтар–қараша айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, негізгі макроэкономикалық көрсеткіш — жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсімі 6,4%-ды құрады.
Президенттің сапалы экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан экономикасы тұрақты әрі сенімді даму қарқынын көрсетіп отыр.
Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері ретінде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салалары аталды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің өсімі 7,3%-дан 7,4%-ға дейін жеделдесе, ауыл шаруашылығы 6,1%-ға артқан.
Сонымен қатар нақты сектордың басқа да салаларында оң динамика байқалады. Көлік саласы 20,3%-ға, құрылыс 14,7%-ға, ал сауда көлемі 8,8%-ға өсті.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, экономика сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты даму жолына түскен.
— Базалық салаларда өсімнің жеделдеуі байқалады. Бұл әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға берік негіз қалайды, — деді Серік Жұманғарин.



