Заманауи сүт фермасы іске қосылды — ШҚО
Алтай ауданы Полянское ауылында «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС-нің заманауи сүт-тауар фермасы іске қосылды. Құны 10 млрд теңгеден асатын жоба өңірдегі сүт өндірісін арттырып, ауыл халқын тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.
Аталған инвестициялық жоба өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған ірі бастамалардың бірі. Жобаның жалпы құны – 10 млрд 151 млн теңге. Оның 4 млрд 698 млн теңгесі жеңілдетілген несие қаражаты болса, 5 млрд 453 млн теңге кәсіпорынның өз инвестициясы есебінен жүзеге асырылған. Фермада голштин тұқымды 1 075 бас ірі қара мал бар. Заманауи автоматтандырылған технологиялар енгізілген өндірістік нысан жылына 6 мың тоннаға дейін тауарлы сүт өндіруге қауқарлы. Ал жобалық қуаттылығы 10 мың тоннаға жетіп, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл жобаның аймақ экономикасы үшін маңызын атап өтті.
— Бүгін Алтай ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жолында маңызды қадам жасалды. Полянское ауылында іске қосылған бұл сүт-тауар фермасы өңірдегі сүт өндірісін арттырып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға жол ашады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қолдау аясында тағы бес фермаға 6,2 млрд теңге көлемінде несие берілді. Келесі жылдан бастап алты сүт-тауар фермасы толық жұмыс істей бастайды. Бұл сүт өңдеу зауыттарының жүктемесін 80 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын жеткізді.
— Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде іске қосылған бағдарлама аясында 2,5 пайызбен 10 жылға дейін жеңілдетілген несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Соңғы үш жылда елімізде 108 заманауи сүт-тауар фермасы салынды. Шығыс Қазақстан облысы бұл бағытта алдыңғы қатарда тұр. Полянское ауылындағы жаңа ферма – соның айқын дәлелі, — деді вице-министр.
Жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырылған. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың сәуір айында басталып, бас мердігер ретінде «ВостокАгроХолдинг» ЖШС тартылған.
Ферма заманауи ауыл шаруашылығы техникаларымен және жоғары өнімді жабдықтармен толық қамтылған. Іске қосылғаннан кейін нысан өңірдегі сүт өндірісін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына серпін бермек.



