Өскеменде қаңғыбас иттер мәселесі қашан шешіледі?

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, қалада қордаланған мәселелерді тыңдады. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қаңғыбас иттердің көбеюі мәселесі көтерілді.
Қала тұрғыны Шмелев Лог ауданында, сондай-ақ Лесхоз, Красина, Бабкина Мельница және Степное шағын аудандарында иттердің шамадан тыс көбейіп кеткенін айтып, бұл жағдайдың балалар үшін қауіпті екенін жеткізді.
Облыс әкімі аталған мәселенің өзектілігін мойындап, оның туындауына қоғамның да жауапкершілігі бар екенін атап өтті.
— Бірінші кезекте біз өзіміз кінәліміз. Кейде балаларымызға үй жануарын алып беріп, кейін оларды қараусыз қалдырып, көшеге жіберіп қоямыз. Бұл – дұрыс емес. Үй жануарын алар алдында жауапкершілікті толық сезінуіміз керек. Биыл қаңғыбас иттерге вакцина егу және өзге де қажетті шаралар үшін 90 млн теңге қаражат бөлінді. Алайда оларды жоюға жол берілмейді, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысы алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар заң аясында жалғасатынын және мәселені жүйелі түрде шешу көзделіп отырғанын жеткізді.



