Зергерлік өнерге бет бұрған өскемендік жастар

Өскемен қаласында қазақы нақыштағы зергерлік бұйымдар жасап жүрген жас кәсіпкерлердің еңбегі көптің қызығушылығын тудырып отыр. 2019 жылы ашылған шеберханада бүгінде “Made in Kazakhstan” белгісімен отандық әшекейлер өндірілуде.
Аумағы небәрі 60 шаршы метр үй ішінде зергерлер күміс пен алтынды балқытып, соғып, пішін беріп, қолмен жасалатын әшекейлерді дайындайды. Бұл кәсіпті таңдағандардың бірі — Саян Ғадылбеков.
— Зергерлік кәсіпті таңдаған себебім — бұл жерде мен шаршамаймын. Өзіме қызық болғандықтан, жұмысқа үлкен жауапкершілікпен келемін. Жалығу да жоқ, — дейді ол.
Қазіргі таңда шеберханада 4 адам еңбек етеді. Рустам 3D модельдеумен айналысып, зергерлік бұйымдардың жобасы мен нобайын принтер арқылы дайындайды. Шерхан — суретші зергер, күрделі әрі нәзік жұмыстарды орындайды. Ал Никита печатка, сақина, алқа секілді бұйымдарды жасаумен шұғылданады.
— Тапсырыс түскен соң алдымен күмісті балқытамыз. Арнайы ыдысқа құйып, пластина дайындаймыз. Кейін әр шебер өз тапсырысына қарай жұмысқа кіріседі, — дейді Саян Ғадылбеков.
Әр әшекейдің жасалу уақыты оның күрделілігіне байланысты. Мысалы, кейбір білезіктер бір күнде дайын болса, күрделі бұйымдар бірнеше күнді талап етеді.
Қолдан жасалған зергерлік бұйымдарды кәсіп иелері өз дүкендерінде сатады. Сонымен қатар тұтынушылар өз қалауына қарай жеке тапсырыс беріп, ерекше әшекей жасата алады.



