Ахмердегі медициналық пункт қашан қолданысқа беріледі?

Өскемен қаласының тұрғындарымен өткен ашық кездесуде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ахмер ауылы халқы көтерген маңызды мәселелердің біріне тоқталды.
Ауыл тұрғындары елді мекенде салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің қашан пайдалануға берілетінін сұраған болатын.
Халқы төрт мыңнан асатын, көпбалалы отбасылар саны басым Ахмер ауылы үшін бұл медициналық нысанның маңызы зор. Себебі жаңа пункт іске қосылған жағдайда тұрғындар алғашқы медициналық көмекті облыс орталығына бармай-ақ, өз ауылынан алу мүмкіндігіне ие болады.
Өңір басшысы аталған мәселе бойынша нақты ақпарат беріп, фельдшерлік-акушерлік пунктті іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын екенін айтты.
– Нысанды пайдалануға беру үшін қажетті барлық құжаттар осы аптада толық рәсімделіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсырылады. Одан кейін бір ай көлемінде лицензия алу жұмыстары жүргізіледі. Барлық рәсімдер жоспарға сай өтсе, қаңтар айының соңына дейін медициналық пункт толыққанды жұмысын бастайды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жаңа медициналық мекеменің ашылуы Ахмер ауылы тұрғындары үшін көптен күткен жағымды жаңалыққа айналды. Пункт іске қосылған соң, ауыл тұрғындарына медициналық қызмет қолжетімді болып, әсіресе аналар мен балалардың денсаулығын қорғау ісі жаңа деңгейге көтеріледі.



