Өскеменде қай жерде коньки тебуге болады?

Қыс мезгілі келгенде өскемендіктер үшін ең сүйікті демалыс түрлерінің бірі – коньки тебу. Қала тұрғындары мен қонақтары таза ауада уақыт өткізіп, мұз үстінде сырғанау үшін облыс орталығында арнайы мұз айдындары дайындалып жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл Өскеменде бірнеше мұз айдыны коньки сүйер қауымды қабылдауға әзір.
Солардың бірі – Согра шағын ауданында орналасқан «Титан» мұз айдыны. Қазіргі уақытта бұл нысан соңғы дайындық кезеңінде тұр. Мұз айдынын жабдықтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әзірге конькилер жеткізілмегенімен, жақын күндері прокат қызметі ашылады деп күтілуде. Келушілердің жайлылығы үшін арнайы жылыну пункті де қарастырылған. «Титан» мұз айдыны күн сайын таңғы 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істейді.
Қаланың тағы бір танымал орны – Samal саябағындағы мұз айдыны. Бұл айдын толықтай құйылып, келушілерді қабылдауға дайын. Әсіресе түнгі сырғанауға қолайлы бұл жерде де коньки прокаты жұмыс істемек, қазір қажетті құрал-жабдықтардың жеткізілуі күтілуде. Мұз айдынының жанында жеке тұрған дәмхана бар, онда ыстық шай немесе кофе алып, жылынып алуға болады. Samal саябағындағы мұз айдыны күн сайын 10:00-ден түнгі 24:00-ге дейін, ал мереке күндері 01:00-ге дейін ашық болады.
Коменданткадағы мұз айдыны қазірдің өзінде жұмысын бастап кетті. Мұнда коньки прокаты бар, келушілерге ыстық шай ұсынылады. Мұз айдынының маңында фастфуд сататын дүңгіршектер орналасқан, бұл да демалушыларға деген керемет мүмкіндік. Коменданткадағы мұз айдыны күн сайын 10:00-ден 22:00-ге дейін, ал мереке күндері таңғы 03:00-ге дейін жұмыс істейді.



