Басты жаңалықЖаңалықтар

Көпсалалы аурухананың құрылысы аяқталды — Риддер

Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы толық аяқталып, нысан ресми түрде пайдалануға қабылданды. Жаңа медициналық мекеменің жұмысымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова арнайы барып танысты.

Медициналық кешен құрамына 200 төсек-орынға арналған стационар және бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емхана кіреді. Жобаның жалпы құны – 34,8 млрд теңге. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 40 мың шаршы метрден асады.

Аймақ басшысының айтуынша, бұл жоба Риддер қаласының денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

– Бұған дейін аурухананың негізгі корпустары, оның ішінде педиатриялық бөлімше, 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған еді. Ал жаңартылған кешен заманауи талаптарға толық сай. Енді мұнда тек қала тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы елді мекендер халқы да сапалы медициналық көмек ала алады, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Аурухана кешенінің құрылысы Қазақстан Республикасының «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңы аясында мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылған.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, бұл бастама әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

– Мемлекетке 150 млрд теңге көлемінде заңсыз иемделген активтер қайтарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы қаражатқа 655 әлеуметтік нысан салынуы тиіс. Қазіргі таңда оның 650-і пайдалануға берілді, қалған бесеуі алдағы күндері іске қосылады, – деді министр.

Кешен құрылымында тәулік бойы жұмыс істейтін стационар, күндізгі бөлім, паллиативтік көмек көрсету, консультативтік-диагностикалық қызметтер мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек бөлімдері қарастырылған. Мекеме заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Медициналық ұжым да жаңа нысанның ашылуын үлкен қуанышпен қарсы алды.

– Ауруханада қажетті заманауи құралдардың бәрі бар. Науқастарға да барлық жағдай жасалған. Бәріміз қуанып жатырмыз, – деді жас маман Шаяхмет Серікұлы.

Қазіргі уақытта нысанға қатысты құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталу сатысында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button