Серебрянск қаласында жас сарбаздар ант қабылдады

Серебрянск қаласындағы 97638 әскери бөлімінде еліміздің әр өңірінен келген 70-тен астам жас сарбаз әскери ант қабылдады.
Маңызды рәсімге әскери бөлімнің сержанттары мен офицерлері, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
– Баламыздың ел алдында әскери ант қабылдағанын көру – әр ата-ана үшін үлкен мәртебе. Ұлымыздың Отан қорғаушысы атанып, тәртіп пен жауапкершілікті меңгеріп жүргеніне қуаныштымыз. Барша сарбаздарға амандық, қызметтеріне сәттілік тілейміз, – деді жас сарбаздың ата-анасы Еркегул Нук.
Салтанатты жағдайда сап түзеген жас жауынгерлер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға ант берді.
Әскери ант — әрбір сарбаздың өміріндегі жауапты әрі тарихи сәт. Бұл күннен бастап жас жауынгерлерге үлкен сенім жүктеліп, олар үшін әскери қызметтің жаңа кезеңі басталады. Қызмет барысында сарбаздар жауынгерлік дайындықтарын шыңдап, әскери тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын терең түсінеді.
Шара барысында әскери бөлім басшылығы жас сарбаздарды маңызды сәттерімен құттықтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсім Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты арттырып, жас сарбаздардың бойында жауапкершілік пен ерік-жігерді нығайта түсті.



