Ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін төмендету кейінге қалдырылды

Қазақстанда ипотекалық несиелерге қатысты талап уақытша өзгеріссіз қалады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлескен шешім қабылдап, ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендету талабын уақытша тоқтатты.
Енді 2025 жылғы 1 қарашадан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін банктер ипотекалық несиелерді бұрынғыдай 25%-ға дейінгі мөлшерлемемен бере береді. Бұл қарыз алушылар үшін несие шарттары күрт қиындамайды деген сөз.
ЖТСМ – бұл ипотеканың нақты құнын көрсететін көрсеткіш. Ол тек пайызды ғана емес, комиссиялар, сақтандыру және басқа да қосымша шығындарды қамтиды. Бұрын бұл көрсеткішті 2025 жылдың қарашасынан бастап 20%-ға дейін төмендету жоспарланған болатын, алайда бұл өзгеріс шамамен 8 айға шегерілді.
Реттеуші органдардың мәлімдеуінше, мұндай шешім банктер мен азаматтардың мүддесін тең ұстау үшін қабылданды. Егер мөлшерлеме бірден төмендетілсе, кейбір азаматтарға ипотека берілмей қалуы немесе рәсімделіп жатқан несиелер тоқтатылуы мүмкін еді.
Сонымен қатар бұл қадам банк жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Ал 2026 жылғы 1 шілдеден кейін ипотекалық мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендету мәселесі елдегі экономикалық жағдайға қарай қайта қаралады.



