ШҚО-да полицейлер қарда қалған жүргізушілерге көмектесті

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында полиция қызметкерлері қалың қарда тұрып қалған жүргізушілерді құтқарды.
6 қаңтар күні кешке Бетқұдық ауылы маңында екі автокөлік қарға батып қалғаны туралы хабар түсті. Жағдай жедел әрекет етуді қажет етті. Ақпарат жақын маңдағы полиция қызметкерлеріне дереу жеткізілді.
Көмекке Таврия ауылдық округінің учаскелік инспекторы Алексей Сергеевич пен Каменка ауылдық округінің учаскелік инспекторы Дәурен Байтиков барды. Арнайы техниканың көмегімен олар қар үйінділерін бұзып өтіп, жүргізушілерге дер кезінде жетті.
Полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби әрекетінің нәтижесінде екі автокөлік те қар құрсауынан аман-есен шығарылды. Қауіпсіз жерге жеткен жүргізушілер полицейлерге көрсеткен көмегі үшін алғыстарын білдірді.
Полиция азаматтарды жол қауіпсіздігін сақтауға шақырады. Ауа райы қолайсыз, боранды күндері алыс жолға шықпаған дұрыс. Өзіңізге және жақындарыңызға сақ болыңыз.



