Жаңалықтар

Өскеменде балаларды қоғамдық көліктен түсіруге тыйым салынды

Қаладағы мектептердің бірінде ата-аналар чатында оқушылардың қоғамдық көлікте жүруі үшін міндетті түрде жол жүру картасы болуы қажет екені туралы ақпарат тарады.

Хабарламада карта болмаған жағдайда балаларды автобустан түсіріп жіберуі мүмкін екені айтылған.
— Автобуспен қатынайтын барлық оқушылардың өзімен бірге жол жүру картасы болуы тиіс екені жөнінде ата-аналарға жеткізулеріңізді сұраймыз. Картасы жоқ жолаушыларды кондукторлар автобустан түсіреді. Карталарды сату нүктелерінен сатып алу қажет, — делінген хабарламада.
Өскеменде оқушылар үшін тегін жол жүру 1 қыркүйектен бастап енгізілгені мәлім.
— Өскемен қаласының ТКШ бөлімі берген жазбаша түсіндірмеге сәйкес, 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға тегін жол жүру олардың тұрғылықты жері мен тіркеуіне қарамастан ұсынылады. Сонымен қатар, он алты жасқа толмаған баланы ата-анасының немесе заңды өкілінің сүйемелдеуінсіз қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынады, — деп мәлімдеді Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда қала бойынша 46 396 жеңілдетілген жол жүру картасы рәсімделген.
Сондай-ақ ата-аналарға жол жүру картасын алу үшін келесі мекенжайлардағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) жүгінуге болатыны ескертілді:
• Шәкәрім даңғылы, 171 (негізгі орталық);
• Жібек Жолы көшесі, 3.

Басқа жаңалықтар

Back to top button