Риддерде жылу желілері толыққанды жұмыс істеп тұр

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер қаласына жұмыс сапары барысында “SHNET” ЖШС қазандығының жұмысымен танысты.
Қазір аталған қазандық 1200 абонентті жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы тұтынушылар саны – 2800. Оның ішінде 5 бюджеттік ұйым бар. Қазандық Тишинский шахтасын, сондай-ақ Риддер қаласындағы Екінші және Төртінші ықшамаудандарды жылумен қамтиды.
— Нысанның жалпы өнімділігі сағатына 53 мың калорияны құрайды. Қор көлемі 34 мың бірлікке жетті. Қазандық маусым айында қосылды. Қазіргі жағдай тұрақты, жылу беру штаттық режимде жүзеге асырылуда. Жұмысшылардың еңбекақысы едәуір көтерілді, – деді “SHNET” ЖШС директоры Алексей Игорьевич.
Айта кету керек, қазандықтағы ең ескі қондырғылар 2009 жылдан бері пайдаланылып келеді. Облыс әкімі нысанның техникалық жай-күйін қарап шығып, қызметкерлермен тілдесті.



