Жаңалықтар

Депутат жол ережесін өрескел бұзғандарды қайта емтиханға жіберуді ұсынды

Кейінгі жылдары Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны күрт артты. Апат салдарынан мыңдаған адам, оның ішінде балалар да қаза тауып жатыр. Осыған байланысты Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаты Ирина Смирнова Қазақстан Республикасының премьер-министр Олжас Бектеновке жол қауіпсіздігі мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

Сауалда жол апатының негізгі себептері аталды. Олар – жүргізушілердің жауапсыздығы, жол ережесінің жиі бұзылуы, мас күйінде көлік жүргізу, жүргізуші куәлігін заңсыз алу, сапасыз жолдар және біржолақты трассалардың көптігі.

Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айында елде 22 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 32 мыңнан астам адам зардап шекті. 1 446 адам қаза тапты. Жол апатының саны – 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 7 мыңға көп. Соңғы бес жылда тас жолдағы трагедиядан 12 мыңнан аса азаматымыздан айырылдық. Оның мыңнан астамы – балалар.

Депутат жол қауіпсіздігін арттыру үшін бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзған жүргізушілерді қайта емтиханға жіберу, заңсыз куәлік беруді тоқтату, дрондар мен камераларды жол сапасын бақылауға пайдалану, қауіпті біржолақты трассаларды кеңейту және заңсыз орнатылған жарық шамдарға тыйым салу қажет екенін айтты.

Жол қауіпсіздігі – жекелеген саланың емес, адам өміріне тікелей әсер ететін мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Себебі жол қысқартамын деп асыққандардың өмірі қысқарып кетіп жатыр. Осыған байланысты депутаттық сауалда көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданып, жүйелі жұмыс жүргізілуін сұраймыз,-деді Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаты Ирина Смирнова.

Басқа жаңалықтар

Back to top button