Такси ақысын төлемеген жолаушы жүргізушінің басынан шыны бөтелкемен ұрған — ШҚО

Өскеменде такси жүргізушісі жолақысын төлемеген әрі оған агрессия танытқан жолаушыларға шағымданды.
Таксистің айтуынша, ол Нұрмағамбетов көшесінен бір жігіт пен қызды алып, бірнеше мекенжайға жеткізген.
— Добролюбов көшесіне келгенде қыз ақша жоқ екенін айтты. Ал жігіт Нұрмағамбетов көшесіне апарып тастауымды сұрап, үйінен қолма-қол ақша алып шығатынын жеткізді. Арада біраз уақыт өткен соң, анам үйге кіргізбеді деген себеппен төлем жасаудан бас тартты. Мен ақша төлеуін талап еткенімде, ол мені әйнек бөтелкемен басымнан ұрып, асфальтқа итеріп жіберді де, оқиға орнынан қашып кетті, – деді жүргізуші.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ер адамның полицияға жүгінгенін растады.
— Оқиғаға қатысушылардың бірі анықталып, бөлімге жеткізілді. Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.



