Teatr-All: жас өнерпаздардың ортақ сахнасы

2022 жылдың 17 қыркүйегінде Өскеменде құрылған “Teatr-All” жастар театры бүгінде шығармашыл жастардың басын қосқан ерекше өнер ордасына айналып отыр. Қазіргі таңда театр құрамында 30 шақты актер мен актриса бар. Олардың басым бөлігі — мектеп оқушылары мен студенттер, яғни болашақ өнер иелері.
—“Teatr-All” — актерлік өнерге қызығушылығы бар, сахнада өзін сынап көргісі келетін жастар үшін сенімді бастама, үлкен жолдың алғашқы қадамы. Театрдың бірнеше түлегі бүгінде осы өнер жолын таңдап, арнайы оқу орындарында білім алып жүр. Егер актер немесе актриса болам деп шын ниеттенетін жастар болса, есігіміз әрдайым ашық, — деді театр ұжымының көркемдік жетекшісі Серікжан Ержанов.
Жастар театры жас ерекшеліктеріне қарай үлкен және кіші деп екі топқа бөлінеді: үлкен театрға 15–25 жас, ал кіші театрға 7–15 жас аралығындағы балалар қабылданады.
Қазіргі уақытта театр ұжымы “Тақиялы періште” атты жаңа спектакльді дайындау үстінде. Сонымен қатар, театр жанынан құрылған JasTalant балалар театры да өз көрерменін тауып, белсенді жұмыс атқарып жатыр. Ұжым қызметкерлерінің мәлімдеуінше, бұл театрда 7–14 жас аралығындағы 20–25 бала өнер көрсетеді.
Кішкентай актерлер де үлкен сахнаға деген махаббатын дәлелдеп, “Көкек Ана” спектаклін дайындап жатыр. Ал көрермен сұрауымен 5 ақпан күні сағат 15:00-де екі театрдың бірлескен туындысы — “Қошқар мен Теке” спектаклі қайта сахналанатын болады.
“Teatr-All” — бұл жай ғана театр емес, бұл арман мен таланттың тоғысқан мекені, сахна арқылы тұлға қалыптастыратын шығармашылық орта.



