ШҚО-ға соңғы үш жылда 2 мыңнан астам адам қоныс аударды

Бүгін облыс әкімдігінде Көші-қон бағдарламасы аясында еңбек күші артық өңірлерден қоныс аудару шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланған жиын өтті. 2023-2025 жылдар аралығында өңірде ерікті қоныс аудару бағдарламасының квотасы бойынша жалпы саны 2 206 адам көшіп келді.
Былтыр 313 отбасыға материалдық көмек көрсетілді. Биылғы жылға өңірлік квота жоспары 800 адамды қамтиды.
Қаңтар айынан бастап пилоттық режимде облыстың төрт ауданында қоныс аударуды қолдаудың «Шығыс шақырады» өңірлік жоспары іске асырыла бастады.
Қоныс аударушылар мен қандастар арасында кәсіпкерлікті қолдау үшін 750 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде гранттар беріледі.
«Біздің басты міндетіміз — адамдарға осы өңірде өмір сүру, еңбек ету және болашағын құру үшін тартымды орта қалыптастыру. Ол үшін тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылым және сапалы мемлекеттік қолдау нақты нәтижеге бағытталуы қажет», — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.



