Өскеменде қоқыс шығару тарифі өсе ме?

Өскеменде қоқыс шығару қызметінің тарифі көтерілуі ықтимал. Бұл мәселе қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралды.
Жиында контейнерлік алаңдардан қоқыс шығару жұмыстары талқыланды. Қаладағы жағдай туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев баяндама жасады.
Ресми мәліметке сүйенсек, облыс орталығында 372,7 мың адам тұрады. Оның ішінде, 224 мың тұрғын ғана қоқыс шығару қызметімен келісімшарт жасаған. Бұл – жалпы халықтың 60 пайызы.
Келісімшарт жасаған 9,7 мың тұрғын жеке үйлерде тұрады, ал 204,3 мың адам көпқабатты үйлерде тұрады.
Көпқабатты үйлердегі басты мәселе – кей тұрғындар келісімшарт болғанына қарамастан, қоқыс шығару үшін төлем жасамайды. Мұндай жағдайда қызмет көрсетуші мекеме борышкерлерді сот арқылы жауапқа тарта алады.
Ал жеке секторда жағдай басқаша. Көп тұрғындар мүлде келісімшарт жасамайды. Соған қарамастан, қоқыс таситын көлік жүргізушілеріне тікелей ақша береді деген күдік бар. Қызмет көрсетуші компаниялар мұндай әрекеттердің жолын кесуге ниетті.
Қала тұрғындарының қоқыс шығару қызметіне жалпы қарызы 250 миллион теңгеге жуықтаған.
Қоғамдық кеңес мүшелері тарифті көтеру қажеттігін қолдағанымен, алдымен нақты есептеулер мен экономикалық негіздеме дайындау керек екенін айтты.
Қазіргі таңда тарифтің нақты қашан және қанша пайызға өсетіні белгісіз.



