Ертең біреудің баласын ит талап, масқара болғанын күтіп жүрсіздер ме? — Нұрымбет Сақтағанов

Бүгін облыс әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Жиында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жауапты сала мамандарына бұралқы иттер мәселесін шешуді тапсырды.
Кейінгі кездері облыс тұрғындары иесіз иттердің көбейгенін айтып, дабыл қағуда. Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселеге аймақ басшысы назар аударды.
— Ата-аналар балалары үшін уайымдайды. Бала былай тұрсын, ересек адамдарға да қауіпті. Жеке иесіз иттерді бағатын үй-жаймен келісіп, тиісті қаржысын бөліп, жүйелі түрде жұмыс істеу керек, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықовтың айтуынша, облыс орталығында бүгінде иесіз қалған иттерді бағатын 9 жекеменшік үй-жай(приют) жұмыс істейді. Дегенмен, мәселені шешудің жалғыз жолы — бұралқы иттерді бағатын үй-жай салу.
— Өткен жылы бюджеттен қаражаты есебінен 1 миллион теңгеге 120 ит ұрықсыздандырылған. Сонымен қатар, ветеринарлық медициналық клиникалар тарапынан 250 итке ұрықсыздандыру жүргізілді,- деді ол.
Облыс әкімі бұл ұсынысты құптамады.
– Адамдарды баспанамен толық қамтып біте алмай жатқанда, иттерге үй салатын қаржы қайдан табамыз? Қалада ит бағатын бірнеше жекеменшік үй-жай бар деп отырсыз. Солармен келісіп, тиісті қаражат бөліп, жұмыс істеуге болады ғой. Әлде біреудің баласын ит талап, масқара болғанын күтіп жүрсіздер ме? Әрекет етіңіздер! – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Енді жануарлар үйіне арналған қаржыландыру жұмыстары қатаң бақылауға алынады. Мақсат – қаладағы бұралқы иттердің санын азайту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.



