Жаңалықтар

ШҚО-да өндірістегі өлім-жітім азайды

2025 жылы Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындарында 128 жазатайым оқиға тіркеліп, 143 адам зардап шекті. Бұл ретте қаза болғандар саны 17,6 %-ға төмендеп, 14 адамды құрады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті ШҚО бойынша департаментінің басшысы Бақытбек Кизатов хабарлады.

Оның айтуынша, зардап шеккендердің басым бөлігі тау-кен металлургия саласы мен бюджеттік ұйымдардың үлесіне тиесілі. Өндірістік жарақаттанудың негізгі себептері — жұмыстарды ұйымдастырудың қанағаттанарлықсыз деңгейі (36 %), қызметкерлердің өрескел абайсыздығы (34 %) және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы (11 %).

Ең көп оқиға Өскемен мен Риддер қалаларында тіркелген.

Жыл ішінде 402 тексеру жүргізіліп, 512 заңбұзушылық анықталды, олардың 78 %-ы жойылды. 123 қылмыстық іс қозғалып, бес лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Қаза болғандардың отбасыларына 88,8 млн теңге көлемінде өтемақы төленді.

Оң динамика биылғы жылдың басында да байқалады: 2026 жылдың қаңтар айында өңірде өндірісте өлім жағдайлары тіркелмеді, ал жарақаттану деңгейі тағы 12,5 %-ға төмендеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button