-30 градус аяз түседі — ШҚО

Жақын күндері Шығыстың қысы қаһарына мінеді. Синоптиктердің болжамы бойынша, жуық күндері облыста -30 градус аяз күтіледі. Ал кейбір аудандарда қарлы бұрқасын болады.
«Қазгидромет» ұсынған мәліметке сенсек, 10 желтоқсанда облыс аумағында қалың қар жауып, бұрқасын күшейеді. Желдің жылдамдығы солтүстік-батыстан, батыстан 15-20 м/с дейін жетеді. Ауа температурасы түнде -22-27, кей жерлерде -30 градусқа дейін төмендейді. 11 желтоқсанда түнде -25-30, облыстың солтүстігі мен шығысында -33 градусқа дейін аяз болады.
Ауа райы қолайсыздығына байланысты ТЖД мамандары елді мекеннен тыс жерлерге жолға шықпауды ескертеді. Ал егер шұғыл қажет болса алдымен жол жағдайын тиісті орындардан біліп, анықтап алу қажет. Содан кейін көлікті жолға дайындап, өзіңізбен бірге байланыс құралдарын, қуаттағыш құралдарды алған жөн. Азық-түлік, сіріңке және жылы киім болсын. Жанармай қорының жеткілікті екендігіне көз жеткізіңіз. Төтенше жағдайға тап болсаңыз 112 арнасына хабарласыңыз.



