Шығыста жасөспірімдер арасында қылмыс көбейіп келеді

Облыста кәмелет жасына толмағандар арасында қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артты.
Ресми ақпаратқа сәйкес, кәмелетке толмағандар арасында 82 қылмыс жасаған. Оның 43-і Өскемен қаласында тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 60%-ға жоғары.Құзырлы органдар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін профилактикалық іс-шараларды жалғастырып жатыр.
Осы орайда психологтың пікірін білдік.
«Жастардың қылмысқа баруы — көп факторлы құбылыс, көбінесе ішкі дағдарыс пен қолайсыз әлеуметтік ортаға байланысты. Бұл отбасыдағы тұрақсыздық, психологиялық жалғыздық пен өзін қажетсіз сезіну сияқты себептерден туады. Кейде жасөспірімдер достар арасында «абыройлы» көріну үшін қауіпті топтарға қосылады немесе өз эмоциясын басқара алмай қателік жасайды. Қаржылық қиындықтар мен сенімсіздік те әсер етеді,-деп түсіндірді педагог-психолог Венера Кокенова.
Бұдан бөлек, жылдың басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен облыста 276 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 8 жасөспірімнің қайтыс болғаны анықталды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты рейдтер өткізіп, жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр.



