«Өскемен-1» вокзалына жаңа жерүсті өткелі салына ма?

Облыс орталығындағы «Өскемен-1» теміржол вокзалында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов құрылыс барысын бақылап қайтты.
Облыстың жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәлімет бойынша, жобаға мердігер мекеме «Промтехмонтаж» ЖШС жауапты. Бүгінде ғимараттың беларқасы мен қаттылық диафрагмасы орнатылған. Ары қарай бірінші қабатты қаптау және арматура байлау басталады. Жоспар бойынша 17 желтоқсаннан бастап екінші қабатта жұмыстар басталады. Нәтижесінде вокзалдың санаты жоғарылап, ғимараттың жалпы ауданы 700 шаршы метрден 1800 шаршы метрге дейін ұлғаяды
Осы жылдың аяғына дейін екінші қабаттың төбесі жабылады. Жұмыстың сапалы жүргізілуі жіті бақылауға алынған. Жаяу адамдарға арналған жаңа жерүсті өткелін салу үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келіссөз жүргіземіз, — деді Нұрымбет Сақтағанов.



