Тарбағатай тұрғынының үйінен марихуана табылды

Тарбағатай ауданында полицейлер жергілікті тұрғынның үйінен есірткіге ұқсас зат тапты.
Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына Тұғыл ауылында тұратын азаматтың үйінде тыйым салынған заттар сақталуы мүмкін екені туралы жедел ақпарат түскен.
Осы ақпарат негізінде полицейлер көрсетілген мекенжайда тінту жүргізген. Нәтижесінде шаруашылық құрылыстарынан жасыл түсті заттың қалдықтары бар металл ыдыстар, ерекше иісі бар заттар және кептірілген өсімдік тектес зат тәркіленді.
Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттың кептірілген марихуана екені анықталды. Оның жалпы салмағы 279,60 грамм болған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Облыстық Полиция департаменті есірткі құралдарын заңсыз сақтау мен айналымға шығарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Сондай-ақ есірткі қылмыстарының алдын алу және оларды анықтау жұмыстары тұрақты түрде жалғасып жатқанын хабарлады.



