ШҚО-да екі компания лицензиясынан айырылды

Облыста құрылыс саласындағы бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде заң талаптарын бұзған жүздеген құрылыс субъектісіне әкімшілік шаралар қолданылды.
Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Самат Каирдиновтың айтуынша, тексеру барысында құрылыс қызметімен айналысатын 261 субъектіге қатысты әкімшілік іс қозғалған. Оның ішінде 244-і тапсырыс берушілерге, 7-еуі техникалық қадағалау сарапшыларына,тағы 7 іс техникалық зерттеп-қарау жүргізген ұйымдарға және 3-еуі мердігер мекемелерге қатысты.
Тексеру қорытындысы бойынша 119 мемлекеттік құрылыс лицензиясының қолданысы алты айға тоқтатылды. Сонымен қатар екі құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды. Бұдан бөлек, 89 лицензиатқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін 58 нұсқама берілді.



