Өскемен гарнизонында егіз сарбаздар борыштарын өтеп жатыр

Қала гарнизонындағы 27943 әскери бөлімінің зениттік дивизионы биылғы күзгі шақырту кезінде ерекше сарбаздармен толықты. Әскери қатарға Қарағанды қаласынан келген Никита мен Данил Симоновтар, сондай-ақ Тарбағатай өңірінің тумалары Айдос пен Елдос Жанболатұлдары қосылды.
Тайға таңба басқандай ұқсас егіз сарбаздардың әскери бөлімге келуі алғашқы күндері жеке құрам үшін қызықты сәттерге толы болды. Бір-бірінен айнымайтын жігіттерді шатастырып алған жағдайлар да кездескен. Алайда аз уақыт ішінде офицерлер мен сержанттар сарбаздарды түр-тұлғасы мен мінез-құлқына қарай ажыратуды үйренді.
Зениттік дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант Нұрбек Бердіштің айтуынша, егіздердің келуі бөлімдегі командалық рухты арттыра түскен.
— Егіз жігіттердің қызметке деген көзқарасы ұқсас болғанымен, тапсырманы орындау тәсілінде әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Олар бір-біріне тірек болып, взводтың жалпы ынтымағына оң әсерін тигізіп отыр. Біздің мақсат — олардың әскери дағдыларын дамытып, нағыз жауынгер ретінде қалыптастыру, — деді ол.
Қазіргі таңда жас сарбаздар мамандық бойынша дайындық курсынан өтіп жатыр. Нысаналарды тану, қару-жарақпен жұмыс істеу, саптық және дене даярлығы күнделікті оқу жоспарының негізгі бөлігін құрайды. Командирлердің сөзінше, егіздер тапсырмаларды жылдам меңгеріп, бір-біріне қолдау көрсетуде.
— Әскерге шақырту алған сәттен бастап Отан алдындағы борышымызды өтеуге дайын болдық. Қазір біз ең мықты дивизионда, тәжірибелі сержанттардан тәлім алып жатырмыз, — деді қатардағы жауынгер Данил Симонов.
Сонымен қатар көктемгі шақырту кезінде бөлімге Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылынан келген Әмелбек Нұрсұлтан мен Ерсұлтан да қосылды. Олар бүгінде шабуылдау батальонында қызмет атқарып жүр. Тәртіптілігімен, шапшаңдығымен және жауапкершілігімен ерекшеленген сарбаздар взводтың жауынгерлік дайындығын нығайтуға өз үлестерін қосуда.
Осылайша, Өскемен гарнизонында күзгі шақыртумен келген егіз жауынгерлер мен жас сарбаздар әскери өмірге тез бейімделіп, бөлімнің біртұтас ұжымына айналды. Алдағы қызмет жолында олардың ел қорғанысын нығайтуға сүбелі үлес қосатынына сенім мол.



