Жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет Әлеуметтік диалог орталығы ашылды

Қазақстанда еңбек қатынастарын жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама жүзеге асты. Бүгін Өскемен қаласында елімізде алғаш рет Әлеуметтік диалог орталығы салтанатты түрде ашылды. Бұл оқиға қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара сенімді арттыруға бағытталған нақты қадам ретінде бағаланады.

Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, сондай-ақ өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылары қатысты. Жиын барысында әлеуметтік диалогтың мемлекет үшін стратегиялық маңызы айқындалды.

Өз сөзінде Асқарбек Ертаев әлеуметтік әріптестікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

— Әлеуметтік диалогтың негізгі мақсаты – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты жүйелі түрде нығайту. Осы тұрғыда Өскеменде ашылған орталық еңбек саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылап, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналмақ. Министрлік бұл бастаманы толық қолдайды, — деді ол.

Өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі Kazzinc те тысқары қалмады. Кәсіпорнының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев жаңа орталықтың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы үшжақты әлеуметтік әріптестік еңбек қатынастарын шешудің ең тиімді тетігі.

— Бұған дейін мұндай форматтағы ашық диалог алаңы болмаған. Бұл идеяны «Парыз» қоғамдық бірлестігі ұсынды, өз кезегінде «Казцинк» компаниясы бұл шешімге қолдау көрсетті. Әлеуметтік диалог орталығы жалақы, тарифтік саясат, еңбек қауіпсіздігі сынды классикалық мәселелерді бірлесе талқылауға мүмкіндік береді, — деді ол.

Өскеменде ашылған Әлеуметтік диалог орталығы – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тың әрі маңызды жоба. Бұл бастама еліміздегі еңбек қатынастарының сапасын арттыруға елеулі үлес қосары сөзсіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button