Шығыс өнерінің шеруі: «Туған жер – алтын бесігім» жобасы мәресіне жетті

19 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясындағы қалалар мен аудандардың мәдени күндері салтанатты гала-концертпен қорытындыланды.
Кеш басталмай жатып-ақ филармония залы көрерменге толды. Өңірдің әр аймағынан келген өнерсүйер қауым сахнадағы өнер думанын асыға күтті. Бұл кеш – соңғы үш ай бойы жалғасқан мәдени жобаның шарықтау шегі болды.
Гала-концертте әр қала мен аудан өз өңірінің болмысын танытатын бірегей өнер нөмірін ұсынды. Сахнада әсем ән мен көркем би, ұлттық нақыш пен заманауи ырғақ үйлесім тауып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
-Бұл концерттер көрерменге рухани азық беріп, мәдени демалыс сыйлады. Халықтың мәдениетке деген сағынышын басқан өнерпаздарға алғысым шексіз, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Күршім ауданына табысталды.
І орын – Тарбағатай ауданына,
ІІ орын – Ұлан ауданына,
ІІІ орын – Марқакөл ауданына бұйырды.



