Өскемен қаласын 2029 жылға дейін дамыту жоспары бекітілді

Шығыс Қазақстан облысында барлық аумақтар бойынша экономикалық өсімге бағытталған бес жылдық даму жоспарлары бекітілді. Облыс көлемінде жүзеге асырылатын жобалардың жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі – 2,3 трлн теңге болса, бюджет қаражаты – 522,4 млрд теңге.
Өскемен қаласын 2029 жылға дейін дамыту жоспары аясында ауқымды жобалар іске асырылмақ. Қаланы дамытуға арналған бюджет көлемі 193,6 млрд теңгені құраса, жеке инвестициялар 744,4 млрд теңге деңгейінде жоспарланған.
Жоспардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қалалар мен аудандардың әкімдерімен KPI-меморандумдар жасалды. Бұл құжаттар әрбір басшының нақты міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов даму жоспары аясында белгіленген іс-шараларды сапалы әрі уақтылы іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Аймақ басшысы жобалардың жүзеге асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.



