Өскеменде енді ауа сапасын бақылауға болады
Облыс орталығының экологиялық жағдайын жақсарту үшін ауаны нақты уақытта талдауға мүмкіндік беретін жаңа жылжымалы зертхана іске қосылды. Бүгін ШҚО әкімдігі алаңында арнайы экологиялық көліктің кілті табысталды.
Құны 65,5 млн теңге болатын зертхана Halyk Bank-тің демеушілігімен алынды.
— Енді экологтер осы арнайы көлікті пайдаланып, қаланың кез келген бөлігінде зерттеу жасап, ауадағы зиянды заттардың нақты көлемін анықтай алады. Алынған деректер кәсіпорындарға және табиғат қорғау прокуратурасына жолданып, қажетті шаралар қабылданады. Демеушілік танытқан банк басшылығына облыс халқы атынан ризашылығымды білдіремін, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Halyk Bank бұған дейін де ШҚО-да бірнеше әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған. Биыл облыстық ауруханаға 12,6 млн теңгенің қызметтік автокөлігін алып берген. Сондай-ақ «Мектепке апарар жол» акциясы аясында көпбалалы отбасылардың 100 баласына мектеп рюкзактары мен кеңсе жиынтықтарын сыйға тартқан.



