Қазақстанда «Nauryz Sale» мерекелік акциясы өтеді

Наурыз мерекесі қарсаңында 13–20 наурыз аралығында «Nauryz Sale» республикалық акциясы ұйымдастырылады. Акцияның мақсаты – отандық өндірушілерді қолдау, ішкі сауданы дамыту және халыққа мерекелік көңіл күй сыйлау.
Акция кезінде дүкендер мен сауда орталықтарында азық-түлік және басқа да тауарларға 10–70 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынылады. Жеңілдікпен сатылатын тауарлар арнайы «Nauryz» белгісімен және мерекелік безендірулермен көрсетіледі.
Шараға еліміз бойынша шамамен 300 сауда субъектісі қатысады.
Айта кетейік, акцияға Өскемен қаласындағы бірқатар сауда орындары да қатысады. Олардың қатарында «City Center», «Family Market», «Magnum» (Жібек жолы, 1), «Алма стор» сауда орталығы, «Колос», «Волна», «45 гастроном», «Самал», «Алтай маркет», «Фараон», «ТНП» сауда орталығы және «Император» сауда үйлері бар.
Акция барысында отандық өндірушілердің өнімдеріне ерекше көңіл бөлінеді. Сауда орындарында қазақстандық тауарлар сатылатын арнайы аймақтар ұйымдастырылып, оларды нарықтағы бағадан шамамен 10–20 пайызға төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік болады.
Сонымен қатар, акция аясында арнайы шығармашылық байқау өтеді. Қатысушылар өз жобаларын «Үздік цифрлық безендіру», «Үздік цифрлық құттықтау», «Жасанды интеллектті үздік пайдалану» және «Ең креативті Digital-жоба» номинациялары бойынша ұсына алады.
Байқауға қатысу үшін Instagram желісінде #saudadigitalnauryz хештегімен бейнеролик жариялап, Сауда және интеграция министрлігінің ресми парақшасын белгілеу қажет.
Байқау жеңімпаздары 20 наурызда анықталып, арнайы марапатталады.



