Жаңа оқу жылына дайындық қалай жүріп жатыр?

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен жаңа оқу жылына дайындық мәселесіне арналған Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Премьер-министр жаңа оқу жылына жан-жақты дайындық жүргізуді тапсырды.
Бүгінде өңірде 538 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Биыл 48 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның 38-інде жұмыстар аяқталды. Қалған нысандарда жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов білім беру ұйымдарының алдына 25 тамызға дейін барлық ағымдағы жұмысты аяқтау міндетін қойды. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың мектепке дайындығына ерекше назар аударып, оларға қажетті қолдау көрсету қажет.
Мектептерді жылумен қамтамасыз ету мәселесі де жеке бақылауда.Облыс қалалары мен аудандарының әкімдері әр мектептің жылыту маусымына дайындығын жеке тексеруі тиіс.
«Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары күнделікті бақылауда болуы тиіс. Жоспарланған барлық жұмыс сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажет», – деп қорытындылады Нұрымбет Сақтағанов.



