Өскеменде егеуқұйрықтарға қарсы жұмыстар күшейтілді

Өскемен қаласында егеуқұйрықтармен күрес жұмыстары күшейтілді. Қала әкімдігі тұрғын үйлердің жертөлелерін де кеміргіштерге қарсы өңдеуге шақырды.
Қалада бұл жұмыстар бірнеше кезеңмен жүргізілген. Алғашқы кезең наурыз-сәуір айларында өтсе, екінші кезең 28 тамызда басталған. Ал үшінші кезең 3-22 қазан аралығында ұйымдастырылды.
Осы уақыт ішінде қоқыс алаңдарына арнайы улы жемдер қойылып, аумақтар бірнеше рет өңделген.
Алайда әкімдік өкілдері егеуқұйрықтармен тиімді күресу үшін тек қоқыс алаңдарын өңдеу жеткіліксіз екенін айтады. Көпқабатты үйлердің жертөлелері мен техникалық бөлмелеріне де арнайы шаралар жүргізу қажет.
Осыған байланысты қала әкімдігі ПИК, МИБ басшылары мен тұрғын үйлерді басқарушы ұйымдарға жертөлелерді егеуқұйрықтарға қарсы өңдеуді ұйымдастыруды ұсынды.



