Басты жаңалықЖаңалықтар

«Азия Авто» зауыты кәсіпкерлерге берілуі мүмкін

Өскемендегі бұрынғы «Азия Авто» зауыты шағын бизнес өкілдеріне жалға немесе сатуға ұсынылуы мүмкін. Кәсіпкерлер өндірістік кешенді жеңілдікпен пайдалана алады.

Қазіргі уақытта нысан «ӘКК Ертіс» акционерлік қоғамдығының меншігінде. Кешеннің аумағында өндіріс орындары, қоймалар, әкімшілік ғимараттар және қажетті инженерлік желілер бар.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Ансаттың айтуынша, бұл жерде шағын өнеркәсіптік аймақ құруға барлық мүмкіндік қарастырылған.

– Кешен шағын өнеркәсіптік аймақ құру үшін қажетті құралдармен толық жабдықталған. Мұнда 24 мың шаршы метр өндірістік орын, 10 мың шаршы метр әкімшілік және тұрмыстық ғимараттар, 8 мың шаршы метр жылытылатын қойма бар. Сонымен қатар қосалқы станциялар да қарастырылған, – деді Исатай Ансат.

Басқарма басшысының сөзінше, дайын ғимараттар кәсіпкерлерге қосымша құрылыс жүргізбей-ақ өндіріс ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ олар мемлекеттік қолдау бағдарламаларын пайдалана алады.

Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндіріс пен өңдеуді дамытуға жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 34 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуға болады.

Осылайша, бұрынғы зауыт аумағын шағын және орта бизнес өкілдері үшін өндірістік алаңға айналдыру көзделіп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button