Жаңалықтар

ШҚО әкімі: Мен тұратын көше мен әкімдік алды қардан ең соңғы кезекте тазалануы керек

Соңғы уақытта Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың әлеуметтік желідегі парақшасына Өскемен тұрғындарынан қар тазалау және қоғамдық көліктің жұмысымен байланысты жиі шағымдар түсіп жатыр. Осыған орай, аймақ басшысы бүгін түскі үзіліс кезінде жеке шығып, қала көшелерінде қар тазалау жұмыстары мен автобустардың қозғалысын бақылап көрді.

“Қыс мезгілінде мұндай мәселелер адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей әсер етеді. Ең алдымен адам көп жүретін көшелер, тротуарлар, аялдамалар, жаяу жүргіншілер өткелдері мен аулалар қардан тазалануы тиіс. Ал менің үйім мен әкімдік алдындағы аумақ ең соңғы кезекте тазалануы керек”, – деді ШҚО әкімі.

Нұрымбет Сақтағанов кәсіпкерлер мен ғимарат иелеріне өз аумақтарын уақтылы әрі сапалы тазалауды қамтамасыз ету үшін қала әкімдігіне түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

“Коммуналдық техниканың жағдайын нақты бағалап, қарлы күндерге алдын ала дайындалу маңызды. Тек қар жауған кезде ғана әрекет етуге болмайды”, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Нұрымбет Сақтағанов автобусқа мініп, жолаушылармен де сөйлесті. Тұрғындар соңғы уақытта жағдайдың біршама жақсарғанын атап өтті.

Облыс әкімі қаладағы барлық көшелерге автобустардың уақтылы қатынауы мен қардан тазалау жұмыстарының дер кезінде жүргізілуі өскемендіктер үшін қолайлы орта қалыптастыруға тікелей әсер ететін басты көрсеткіш екенін баса айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button