2025 жылы миллиард жинаған отандық кинолар

Өткен жыл қазақстандық киноиндустрия үшін айрықша табысты кезең ретінде есте қалды. Отандық фильмдер прокатта бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге жетіп, бірнеше картина бір маусымның өзінде 1 миллиард теңгеден астам кассалық табыс жинады. Бұл – ұлттық киноның көрерменмен байланысы нығайып, коммерциялық тұрғыда да бәсекеге қабілетті бола бастағанының айқын көрінісі, деп хабарлайды Shygyslife.
Жылдың ең көп талқыланған жобаларының бірі – «Qaitadan» фильмі болды. Мемлекеттік қолдаумен түсірілген бұл картина прокатқа шыққан алғашқы апталарынан бастап жоғары сұранысқа ие болып, нәтижесінде миллиардтық межеден асты. Фильмнің табысы мемлекеттік инвестицияның толық қайтарылып қана қоймай, бірнеше есе өсіммен өтелгенін көрсетті.
Одан бөлек, прокатта ерекше нәтиже көрсеткен картиналардың қатарында «Ауру» фильмі бар. 21+ санатымен шыққанына қарамастан, психологиялық триллер жанрындағы бұл туынды көрермен назарын өзіне тартып, миллиард теңгеден астам табыс жинады. Бұл жағдай отандық көрерменнің тек комедияға ғана емес, күрделі әрі ауыр тақырыптағы фильмдерге де дайын екенін аңғартты.
Коммерциялық тұрғыда табысқа жеткен жобалардың тағы бірі – халық арасында кеңінен танылған комедиялық бағыттағы «Бишарашки» фильмі. Бұған дейінгі бөліктерінің көрермен жинаған тәжірибесіне сүйенген бұл картина 2025 жылғы прокатта да өз аудиториясын жоғалтпай, миллиардтан асатын касса көрсетті. Отбасылық тұрмыс пен жеңіл әзіл көрерменді кинотеатрға тартудың негізгі нысанына айналды.
Сол сияқты, тұрмыстық-әлеуметтік тақырыпты әзіл арқылы жеткізетін «Келінжан» сериясының кезекті бөлімі де прокатта жоғары табысқа жетті. Фильм өңірлерде де, ірі қалаларда да тұрақты көрермен жинап, 1 миллиард теңгеден асқан жобалар қатарынан көрінді.
2025 жылы прокаттағы табысты фильмдер қатарын романтикалық-драмалық және мотивациялық бағыттағы жобалар да толықтырды. Жалпы алғанда, 2025 жылғы нәтижелер қазақстандық киноның жаңа кезеңге аяқ басқанын байқатады.



