Алтай ауданынан жәрмеңке келді

Өскеменде Алтай ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Облыс орталығына жалпы 15 тоннадан астам өнім әкелінді.
Шараға жергілікті тауар өндірушілер, шаруа және фермер қожалықтары қатысты.
Жәрмеңкеде сиыр, жылқы, қой және құс еті, көкөністер, сүт өнімдері, бал, күнбағыс майы мен балық сатылды. Әсіресе маринадталған қияр, джем және үй дайындықтары тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болды.
– Өнімдердің басым бөлігі жәрмеңкенің алғашқы сағаттарында-ақ сатылып кеткен. Картоп пен консервілер тез өтіп, джем бір сағат ішінде толық сатылды. Өйткені біздің өнімдер табиғи таза және арзан,-деді Полянское ауылдық округінің әкімі Ержан Омырбаев.
Сондай-ақ жәрмеңке аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ауданның шығармашылық ұжымдары келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, бұл шара жергілікті өндірушілерді қолдау және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Туған жер – алтын бесігім» акциясы аясында өтті.



