Жаңалықтар

ШҚО-да өңірлік үшжақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті

Өскемен қаласында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың қатысуымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның отырысы ұйымдастырылды.

Жиынды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ашып, өңірдің өндірістік әлеуетіне тоқтала келе, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік диалогты нығайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, металлургия, тау-кен және қайта өңдеу салалары басым өңір үшін жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы ашық әрі тиімді байланыс аса қажет.

– Облыс аумағында 12 мыңнан астам кәсіпорында 191 мың адам еңбек етеді. Бұл еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлкен жауапкершілік жүктейді. Үшжақты комиссия – тараптар арасындағы өзара сенімді арттыратын маңызды алаң, – деді өңір басшысы.

Отырыста еңбек ұжымдарындағы қазіргі жағдай талқыланып, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті басшысы Бақытбек Қизатов баяндама жасады. Сонымен қатар облыс әкімі барлық жұмыс берушілерге жыл соңына дейін жалақы бойынша берешектерді толық өтеу жөнінде нақты тапсырма берді.

Жиын барысында “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында атқарылған жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Бұл бағытта ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова, “Казцинк” ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев және Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов баяндама жасап, кадр даярлау мен еңбек жағдайларын жақсарту мәселелерін көтерді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button