Өскемен жаңа жылдық безендіруге қанша қаражат жұмсады?

Санаулы күндерден соң Жаңа жыл мерекесі. Осыдан бірер күн бұрын орталық алаңдағы бас шырша жағылды. Мереке жақындаған сайын қала да түрленіп, әсемденіп келеді. Осы орайда
шаһарды безендіру үшін қанша қаражат кетті деген заңды сұрақ туады. Shygyslife.kz тілшілері бұл сауалдың жауабын біліп қайтты.
Биыл Өскемен қаласын жаңа жылдық безендіруге 72 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржы орталық алаңды, саябақтарды, аллеялар мен шалғай аудандарды безендіруге жұмсалған.
Қаланың орталық алаңына әдеттегідей жасанды шырша қойылды. Осыған дейін әлеуметтік желіде «сәукеле-шырша» деп аталып кеткен Өскеменнің бас шыршасы көпшіліктің қызығушылығын тудырған болатын. Биыл шыршада ою-өрнек жоқ, үлкен шар тәрізді көрнекіліктермен безендірілді. Бірі биылғы шырша ерекше деп пікір білдірсе, енді бірі оюмен көмкерілген сәукеле-шыршаға жетпейді деп жарыса жазуда.
Орталық алаңдағы биші фонтандардың маңы ертегі әлемі сынды, қала тұрғындары мен қонақтары үшін дайын фотозона. Биыл дизайнерлер мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында безендіру түрлі-түсте жасалды дейді.
Қазақстан аллеясы, Спорт сарайынан Ушанов алаңына дейін ағаштарға гирляндалар орнатылды. Ал Славский көшесі түрлі түсті жарықпен безендірілді.
Қаланың басқа аумақтары да назардан тыс қалған жоқ. Жаңа жағалауда жасанды шырша мен «Пойыз» атты композиция орнатылды. Комендант ауданында да жаңа жылдық безендіру болады. Комсомольский саябағындағы мұз айдынында, сондай-ақ, Сағадат Нұрмағамбетов саябағында да жасанды шырша орнату жұмыстары жүргізілуде.
Биыл алғаш рет Өскеменнің шалғай аудандарында – Защита және Согра шағын аудандарында жасанды шыршалар қойылды. Сәтпаев даңғылы да безендіріледі.



