Жаңалықтар

2025 жылғы ең ерекше құтқару оқиғалары–ШҚО

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша құтқарушылары жыл ішінде орын алған ерекше құтқару оқиғаларымен бөлісті.

Құбырдағы мысық

Өскемен қаласында жеке тұрғын үй аумағында мысық желдеткіш құбырында тұрып қалды. Жануар иесі құтқарушылардан көмек сұрады. Төтенше-құтқару құралдарын қолдана отырып, ТЖД қызметкерлері мысықты аман-есен алып шықты.

Орманда адасқандар

Риддер қаласының маңындағы таулы-орманды аймақта 1954 жылы туған әйел адасып кетті. Ол шөп жинау үшін орманға кетіп, үйіне оралмаған. Бір тәулік бойы онымен байланыс орнату мүмкін болмады. Іздеу аймағы қолжетімсіз, таулы және қалың орманды болды.

Жоғалғаны туралы ақпарат түскен бойда ауқымды іздеу-құтқару операциясы ұйымдастырылды. Аумақты әуеден барлау үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы тартылды. Сондай-ақ жердегі құтқару топтары қатысты. Әуе барлау кезінде жоғалған адам орман алқабы арасындағы ашық жерде табылып, елді мекенге жеткізілді.

Бірнеше күннен кейін осындай жағдай 1957 жылы туған тұрғынға қатысты қайталанды. Ол орманда адасып, екі күн бойы байланыссыз болды. Туыстары дабыл қағып, құтқарушыларға хабар берген. Іздеуге ТЖ қызметкерлері, орман шаруашылығы мамандары мен полиция жұмылдырылды. Сонымен қатар жоғары өтімді техника, тепловизорлар, ұшқышсыз ұшу аппараттары, кинологтар және ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы пайдаланылды. Әйел қолжетімі қиын жерде табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді.

Кір жуғыш машинаның «кепілі»

Тамыз айында Риддер қаласында 2014 жылы туған екі қыз үйде жалғыз қалған. Ойын барысында олардың бірі кір жуғыш машинаның барабанына кептеліп қалды. 11 жастағы құрбысы абдырап қалмай, 112 нөміріне хабарласқан. Құтқарушылар жедел жетіп, арнайы құралдардың көмегімен баланы босатып алды.

Қар тұтқындары

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында қардың биіктігі шамамен 77 см-ге жеткен. Соловьево ауылының маңында екі азамат қар құрсауында қалып, ауылға өз бетінше жете алмаған. Олар 112 қызметіне жүгінді.

Құтқарушылар жоғары өтімді «Трэкол» автокөлігін пайдаланып, 1976 және 1974 жылы туған азаматтарды Соловьево ауылына аман-есен жеткізді.

Төрт аяқтыларға көмек

Қыркүйек айында Өскемен қаласында автокөлік капотының астында ит қалып қойғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жануардың дауысын естіп, көліктің бамперін шешу арқылы күшікті қауіпсіз түрде алып шықты.

Сондай-ақ Өскемен қаласындағы Назарбаев көшесінде мысық төртінші қабат деңгейіндегі кондиционер блогында тұрып қалған. Құтқарушылар үш тізелі баспалдақтың көмегімен биіктікке көтеріліп, қорқып қалған жануарды құтқарып алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button