«Жас сарбаздың» оныншы легі әскери ант қабылдады-Өскемен

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы орта мектепте тағылымы терең, маңызы зор әскери-патриоттық іс-шара өтті. Аталған білім ордасындағы «Жас сарбаз» сыныбының шәкірттері салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Биыл бұл сыныптың құрылғанына 10 жыл толып, ант қабылдау рәсімі мерейтойлық сипатта өтті.
Ант қабылдау рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы алдында ұйымдастырылды. Жас сарбаздар Отанға адал болуға, ел тыныштығын қорғауға, әскери тәртіпті сақтауға және мемлекет заңдарын құрметтеуге ант берді. Бұл — оқушылар үшін елге қызмет етудің алғашқы әрі жауапты қадамы.
Салтанатты жиынға мектеп әкімшілігі, ұстаздар, ата-аналар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Шара барысында Шығыс Қазақстан облыстық «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Дәурен Шоматов сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына тоқталды.
— «Жас сарбаз» сыныбы он жыл ішінде елжанды, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары көптеген жасөспірімдерді тәрбиелеп шығарды, — деді ол.
Іс-шара аясында оқушылар саптық дайындықтарын көрсетіп, әскери машықтарын паш етті. «Жас сарбаз» сыныбы – жас ұрпақты отансүйгіштікке, батылдыққа, тәртіп пен жауапкершілікке баулитын маңызды жоба. Бұл күні ант қабылдаған жас сарбаздар да осы игі дәстүрді абыроймен жалғастырып, ел игілігі жолында қызмет етуге дайын екендерін көрсетті.



