Жаңалықтар

Өскеменде «ZAN FEST» облыстық жастар форумы өтті

Аталған іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, құқықтық сана деңгейін арттыруға және мемлекеттік билік пен құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтуға бағытталды, деп хабарлайды Shygyslife тілшісі. 

Форум спикерлері қатарында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, Полиция департаментінің, Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасының өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен қоғам пікірін қалыптастырушылар болды.

Іс-шара барысында заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау мәселелері, құқықтық мемлекет қалыптастырудағы жастардың рөлі, сондай-ақ жастар ортасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері талқыланды.

Облыстық Жастар орталығының директоры Айдос Әділбекұлы форумның маңыздылығына тоқталды.

— Бұл шараға студенттер мен мектеп оқушылары қатысып жатыр. Барлығы ашық диалог форматында өтті. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын тікелей сала мамандарына қою мүмкіндігіне ие болды, — деді ол.

Ал имам, теолог Нұрлан Байжігітұлы жастармен кері байланыстың маңызын атап өтті.

— Бүгінгі форум үлкен маңызға ие. Жастардың ойын, пікірін білуіміз керек. Қазір кейбір жастар жақсы мен жаманды ажырата алмай жатады, дін мәселесінде де шатасулар бар. Сондықтан оларға дұрыс бағыт-бағдар беруіміз қажет, — деді ол.

Форум жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтатын, қоғамдағы құқықтық құндылықтарды дәріптейтін тиімді алаңға айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button