Жаңалықтар

ШҚО-да жастар арасында бокстан ел чемпионаты өтіп жатыр

Бүгін Өскеменде бокстан 2008-2009 жылы туған жастар арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Онда еліміздің 20 өңірінен келген боксшылар бақ сынайды. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

«Бұл чемпионат — ел спортындағы маңызды оқиғалардың бірі. Ол жас спортшыларға шынығып, тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдай түсуге мүмкіндік береді.

Бүгінде облыста 1 628 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Тағы 8 нысанның құрылысы жүргізілуде. Қазан айында Ұлан ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. 2025 жылдың аяғына дейін осындай екі кешен пайдалануға беріледі.

Жарысқа қатысып жатқан спортшыларға сәттілік тілеймін! Еліміздің көк туы әрдайым биікте желбірей берсін!», — деді аймақ басшысы.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 2,5 мыңнан астам спорттық шара өткізілген. Өңір халқының 45%-ы жүйелі түрде денесін шынықтырып, спортпен айналысады. Ал 34 жаттықтырушы 1 200 спортшыны боксқа баулып жатыр.

23 қарашаға дейін созылатын чемпионатта қатысушылар 11 салмақ бойынша бәсекеге түседі. 408 спортшының ішінде Шығыс Қазақстанның намысын 23 боксшы қорғайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button