ШҚО студенттері халықаралық чемпионаттарда жүлделі орын алды

2025 жыл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы басшысы Қуат Оқасов облыстық әкімдіктің кезекті отырысында студенттердің халықаралық және республикалық кәсіби сайыстардағы жетістіктерін атап өтті.
Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенті EuroSkills-2025 әлемдік чемпионатында «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша медальон жеңіп алды. Сонымен қатар, өңір командасы X Республикалық WorldSkills-2025 кәсіби шеберлік чемпионатында 2 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль жеңіп, «Өз кәсібінің үздігі» номинациясы бойынша 10 медальон иеленді.
Өскемен технологиялар және сервис колледжінің ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттері «Abilympics-2025» чемпионатында 3 қола медаль жеңіп алды. Ал облыстың көпсалалы колледжінің студенті «AgroSkills-2025» республикалық конкурсында құрмет медальонымен марапатталды.
Мамандықтар бойынша осындай халықаралық жетістіктер колледждерде заманауи білім беру технологияларының енгізіліп, кәсіби дайындықтың сапалы жүргізілгенін көрсетеді.



