ШҚО әкімі Балалар ауылына барды
Облыс басшысы Өскемен қаласындағы отбасылық үлгідегі Балалар ауылына барды. Әлеуметтік нысан Ахмер кентінде орналасқан.
Балалар ауылы өңірде 25 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда 65 бала тәрбиеленуде. Мекемеде тәрбиеленушілер үшін отбасылық жағдайға барынша жақын орта қалыптастырылған. Балалардың білім алуы қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
Сапар барысында акт залында тәрбиеленушілердің қатысуымен Жаңа жылға арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Балалар ән айтып, би билеп, театрландырылған қойылым ұсынды.
Аймақ басшысы балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, тәтті сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар ол балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету өңірдің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
-Балалардың амандығы, қауіпсіздігі және бақытты балалық шағы үшін жағдай жасау – облыстың әлеуметтік дамуындағы басты бағыттардың бірі. Бұл жұмыс алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.



