ШҚО-да үш өрт сөндіру бекеті ашылды

Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында үш жаңа өрт сөндіру бекеті іске қосылды. Нысандар «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылды.
Глубокое ауданының Тарханка ауылында ашылған бекет Тарханка, Винное және Веселое ауылдарында тұратын 3 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Жобаны ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жүзеге асырды, ал серіктес ретінде «Милейко» ЖШС қолдау көрсетті.
Сондай-ақ Шемонаиха ауданында Красная Шемонаиха және Сугатовка ауылдарында екі бірдей өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл бекеттер Красная Шемонаиха, Белый Камень, Сугатовка, Горкуново және Кенюхово ауылдарының 1500-ден астам тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыруға «Белокаменское» ЖШС мен «Заря» шаруа қожалығы серіктес болды.
Барлық бекеттер тәулік бойы жұмыс істейді. Олар өрт сөндіру және құтқару құралдарымен, байланыс жүйелерімен және арнайы киімдермен толық жабдықталған.
Ашылу салтанатына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, құтқарушылар, аудан әкімдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Алдағы уақытта мұндай бекеттерді өңірдің басқа да ауылдарында ашу жоспарланып отыр.



