Туристік ауылда интернет іске қосылды — ШҚО

Жаңа жыл қарсаңында Ұлан ауданына қарасты Украинка ауылында мобильді байланыс пен жоғары жылдамдықты интернет желісі қолданысқа берілді. Бұл жаңалық ауыл тұрғындары мен өңірге келетін туристер үшін маңызды жаңалық болды.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, цифрлық инфрақұрылымның іске қосылуы білім беру, медицина және мемлекеттік қызметтер саласында жаңа мүмкіндіктер ашады. Енді ауыл мектебінде заманауи цифрлық білім беру жүйелерін енгізуге, онлайн оқыту платформаларын пайдалануға және жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект элементтерін қолдануға жол ашылып отыр.
Сонымен қатар, интернеттің қолжетімділігі тұрғындарға қашықтан медициналық кеңес алуға, электронды сервистерді пайдалануға және жақындарымен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Бұл жаңашылдық туристік әлеуетті дамытуға да оң әсерін тигізбек. Украинка ауылы экзотикалық өсімдіктерімен танымал «Жер-Су» жерасты жылыжай кешенімен көпшілікке белгілі. Енді ауылға келетін қонақтар сапар барысында байланыс пен интернетті еш кедергісіз пайдаланып, әсерлі сәттерін онлайн бөлісе алады.
Цифрлық байланыстың дамуы шалғай ауылдардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, өңір туризмін ілгерілетуге де серпін береді.



