Қазандықтардың тозу деңгейі 82%-дан 43%-ға дейін төмендеді — Риддер

Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер қаласына жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
Аймақ басшысының айтуынша, Үкіметтік резерв пен жергілікті бюджет есебінен бөлінген 21 млрд теңгеге Риддер қаласындағы жылу электр орталығы (ЖЭО) ауқымды жаңғыртудан өткен. Нәтижесінде қазандықтардың тозу деңгейі 82 пайыздан 43 пайызға дейін төмендеген. Ал жылу желілерінің тозуы 85 пайыздан 59 пайызға азайған.
– Қосымша 5–6 қазандық пен 3 шақырым жылу желісін жөндеу қажет. Бұған дейін 26 шақырым жылу желісі жаңартылды. Сонымен қатар, 17 жылу кабелі ауыстырылады. Келесі жылы «жасыл дәлізге» енуіміз әбден мүмкін. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Басқаша болуы мүмкін емес, себебі облыс үшін Риддер қаласының орны ерекше. Мұнда «Қазцинк» компаниясының бірнеше филиалы орналасқан әрі туризмді дамытуға арналған демалыс аймақтары бар, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сапар барысында облыс әкімі ЖЭО нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.



