Риддерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізілмек

Қалада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Алғашқы жәрмеңке өткен демалыс күндері Республика алаңында ұйымдастырылған еді.
Сатушылар мен сатып алушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында алаңға жаңа металл павильондар орнатылды. Жәрмеңкеде жергілікті және өзге өңірлерден келген өндірушілердің өнімдері кеңінен ұсынылды. Атап айтқанда, ет өнімдері, ірімшіктер мен шұжықтар, сондай-ақ үй жағдайында дайындалған тауарлар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сары май, халуа және сүзбе өнімдері сұранысқа ие болды.
Жәрмеңке барысында бір күннің ішінде төрт тоннадан астам түрлі ет өнімдері сатылды. Олардың қатарында сиыр еті, жылқы еті, қой еті, шошқа еті, тауық, қаз және үйрек еті бар. Сонымен қатар 400 келіге жуық шұжық пен ірімшік, 70 келі сары май және 300 келі балық саудаланды.
Іс-шараға «Ардагер» агроөнеркәсіптік қаржы корпорациясы» ЖШС өкілдері белсенді қатысып, тұрғындарға отандық өнімдердің кең таңдауын ұсынды. Сондай-ақ Ұлан ауданы, Шемонаиха қаласы және Абай облысының ауылдық елді мекендерінен келген фермерлер өз өнімдерін сатылымға шығарды.



