Өскеменде ант қабылдаған сарбаз сүйіктісіне ұсыныс жасады

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінде екі жүзге жуық жас сарбаздар әскери ант қабылдады. Атаулы рәсім барысында көпшілікті толқытқан ерекше сәт орын алды.
Павлодар облысынан әскерге шақырылған қатардағы жауынгер Махамбет Айтжан саптық алаңның дәл ортасында сүйіктісі Мадинаға үйлену туралы ұсыныс жасады.
Махамбет Мадинаны алға шақырып, өмір бойы бірге болуға ниетті екенін жеткізді. Күтпеген ұсыныстан толқыған Мадина көпшіліктің алдында қуана келісімін беріп, «Иә!» деді. Бұл сәтті көрген жұрт жылы қошемет көрсетіп, жас жұпқа ақ тілектерін жаудырды.
– Мадинамен үш жылдан бері бірге жүрміз. Бүгін мен Отан алдындағы борышымды өтеп қана қоймай, өмірлік жарымды таңдадым. Әскерден кейін достарымды шақырып, үлкен той жасаймыз, – дейді Махамбет.
Салтанатты шарада тағы бір қызықты жайт болды. Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылындағы №2 мектептің үш түлегі – Дінмұхамед, Дарын және Нұрқанат бір сыныпта оқып, бір әскери бөлімде бірге ант қабылдады. Үшеуі де көрші тұрады. Бұл жағдай олардың ата-аналарын ерекше қуантты.
– Балаларымыздың бір сапта, бір бөлімде қызмет етуі біз үшін үлкен қуаныш. Бір-біріне тірек болып жүреді деп сенеміз, – дейді Дінмұхамедтің анасы Ләйлә Омбаева.
Айта кетейік, ант қабылдаған жас сарбаздар алдағы бір жыл бойы Өскемен қаласындағы түзеу мекемелерін күзетіп, жауынгерлік қызмет атқаратын болады.



