Жаңалықтар
ШҚО-да күмжі балығын аулаған ер адам сотталды

Катонқарағай аудандық сотында сирек кездесетін және жойылу қаупі бар балықты заңсыз аулау ісі қаралды.
Сот мәліметінше, ер адам 2025 жылы 20 қарашада Коробиха ауылының маңындағы Бұқтырма өзенінен үш күмжі балығын аулаған. Күмжі — Қазақстанның Қызыл кітабына енген балық түрі.
Заңсыз балық аулаған азаматты үйіне қайтып бара жатқан кезде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлері ұстаған. Оның әрекетінен мемлекетке 3 538 800 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сот ер адамның ай сайынғы жалақысы 120 мың теңге екенін және екі кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.



